Орал қаласында «жұмысқа орналастырамын» деген желеумен 40 жасар азаматшаның 1 миллион теңгесін иемденіп алған 1974 жылғы әйел ұсталды, деп хабарлайды uralskcity.kz БҚО полиция департаментіне сілтеме жасап.
БҚО Полиция департаменті мәлім еткендей, аңғал әйел ағымдағы жылдың мамырында 1 миллион теңге ақшасын танысына санап берген. Келісім бойынша ақшаны алған әйел оны жұмысқа орналастыру тиіс болған. Алайда, арада үш ай өтсе де, уәделі жұмыстан хабар болмапты. Сондықтан алданған әйел полиция арқылы ақшасын қайырып алуға бел буып, арыз жазған.
Қазіргі уақытта Абай полиция 1974 жылғы әйелді ұстап, Қылмыстық Кодекстің 190-баптың 1-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Аталған бапта алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген.
Полицейлер алаяқтардың құрбаны болмау үшін облыс тұрғындарын ұқыпты болуға шақырады және ірі көлемді ақшаны біреуге сеніп беруге болмайтынын ескертеді. Ал жұмысқа орналасу үшін кадрлық агенттіктерге жолыққан жөн.