18+

АЛАЯҚҚА АЛДАНЫП, АҚШАЛАРЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Бұл туралы БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды uralskcity.kz .

Орал қаласында кепілдікте тұрған арзан пәтерлерді алып беремін деп алдаған әйел қолға түсті. Ол бір-екі бөлмелі пәтерлерді 2-5 миллион теңгеге бағаласа, екі-үш бөлмелі пәтерлер үшін 5-7 миллион теңге айналасындағы бағаны сұраған. Бұл нарықтағы бағадан 2-3 есеге арзан. Оған мұндай жетістікке жетуіне кезекті «пирамида» жүйесі көмекке келсе керек. Тұрғын үйдің кілтін алмастан, адамдар бірі туысқанына айтып, бірі дос-жарандарына жеткізіп, шақыра бастайды. Тіпті, алданып, бармақ тістеп қалғандардың бірі 7,2 миллион теңге ақшасынан айырылып қалған.  Айлакер банкте кепілдікте тұрған арзан бағадағы пәтерді алып беру мүмкіндігі барын айтып, әйелдің қолындағы жиған-тергенін сыпырып алып, тақырға отырғызып кетеді. Осылайша жекеменшік баспанасы болғанын армандағандардың саны 20-ға жетіп жығылады.

Полиция департаменті мамандарының сөзінше, әлі де арыздар түсуде. Алданғандардың қатарында зейнеткерлер мен кәсіпкерлер, мұғалімдер, тіпті мемлекеттік қызметкерлер де бар. Олардың ең азы 500 мың теңге берсе, ең көбі 7,2 миллион теңге сомасын құрайды. Алаяқ әйел жалға пәтер алып, пәтер алушыларға бұл пәтердің кепілдікте тұрғанын және оны алып беруге мүмкіндігі барын айтып көздерін жеткізеді. Тіпті пәтерді көрместен, құр суреттерін көріп қана ақшаларын санап бергендер де жоқ емес.

Орал қалалық полиция басқармасының бастығының орынбасары М.Төребек 36 жасар әйелге қатысты ҚК-нің 190-бабы 3-бөліміне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын жеткізді. Күдікті азаматша тергеу изоляторына қамауға алынған. Сондай-ақ оның бұған дейін алаяқтық қылмысы үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды.

Қазіргі есеп бойынша алаяқ әйел зардап шегушілерге 54 миллион 450 мың теңгеге жуық ақшасын қайтарып беруі тиіс.