18+

Шайхиевті еске алуға арналған турнир өтеді

12-15 тамыз күндері Орал қаласында Әлем чемпионы, Әлем Кубогінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған самбо күресінен және әскери самбодан ерлер арасында Халықаралық турнир өтеді, деп хабарлайды Uralskcity.kz.

Оған Қазақстан Республикасынан облыс құрама командалары және Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Қырғызстан және Грузия елдерінен 150-ге жуық спортшы қатыспақ.

Асқар Тастайұлы Шайхиев — 1963 жылы қазіргі Сырым ауданына қарасты Қызылтаң ауылында өмірге келген. Самбомен 1976 жылдан бастап айналысқан. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 1989 жылы КСРО чемпионы және 1987 және 1988 жылдары күміс жүлдегер болды.  1988 жылы Жапонияда әлем кубогының иегері,  ал 1989 жылы  АҚШ-та өткен дүниежүзілік  додада әлем чемпионы атанды. Спортшылық жолын аяқтағаннан кейін дзюдо күресінен жаттықтырушы, Батыс Қазақстан облысының дзюдо федерациясының атқарушы директоры болды. 2003 жылы Шайхиевтің атынан таэквондо спорт клубы құрылып, содан бері жыл сайын оқушылар арасында республикалық деңгейде таэквондодан жарыс өткізіліп келеді.

Ал палуанды еске алуға арналған самбо турнирі 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.