18+

Адам өлтіріп, денесін кереуеттің астына жасырған

Бүгін Орал қаласында адам өлтірген 1961 жылғы азаматқа қатысты сот үкімі шықты. БҚО ауданаралық мамандандырылған сотының шешімімен Серікжан Әділов енді ол 10 жылын темір торда өткізбек.

Қанды оқиға биылғы жылдың 3 наурызында болған. Қылмыс жасады деп айыпталған С. Әділов қаламыздағы жеке компаниялардың бірінде күзетші болып жұмыс жасаған. Өзінің баспанасы болмағандықтан, күзет бөлмесінде тұрып келген. Марқұм оның танысы екен. Тұрғылықты үйі болмағандықтан ол да жұмыс орнында тұрған. Сот материалдарынан белігіл болғандай, екеуі жиі ішіп, жиі сөзге келетін болған. Ал оқиға болған 3 наурыз сағат кешкі 20.00 шамасында олар әдеттегідей ішіп отырып, сөзге келіп қалған. Алдымен бөтелкелесі Әділовты ұрған. Одан кейін Әділов оған жұдырықпен қайтарған. Соққының қатты болғаны соншалық, ол талып қалған. Одан кейін Әділов оның үстіне отырып алып, басынан 20 шақты рет ұрып, өлтірген. Содан соң денені бөлмедегі кереуеттің астына жасырып, үстін көрпешемен жауып қойған. Қылмыс жасағанын қорыққандықтан ешкімге айтпай, үнсіз жүріпті. Арада 27 күн өткенде кәсіпорын жүргізушілерінің бірі кездейсоқ мүрдені тауып алған.

Сотта 58 жасар Әділов өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдірді.

Сот Әділовті Қылмыстық Кодекстің 99-бабына  сәйкес  қылмысқа кінәлі деп танып, 10 жыл бас бостандығынан шектеу туралы жаза тағайындады.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.