Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерді қысымға алу әлі де тыйылмай келеді. Бұл туралы бүгін өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен жиында «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Сәлиева айтты.
Кеңсе басшысы Әлия Сәлиева жобалық кеңсенің жұмысын таныстыра келе билік өкілдері тарапынан кәсіпкерлерді әуреге салу әлі де бар екенін жеткізді.
- Облыстың оңтүстік аудандарында болғанымызда, кәсіпкерлер мемлекеттік орган өкілдерінің кәсіпкерлерден ауылға келген құрметті меймандарға ас-су ұсыну, қонақ үйлерге орналасу, жұмыстан кейінгі демалысты ұйымдастыру бойынша өтініш жасайтынын жеткізді. Мұндай жағдай облыс орталығында да бар. Бас қаладан қонақтар, тексерушілер келсе, жергілікті кәсіпкерлерге олардың тұру орындарын төлеп беру, тамақтануды ұйымдастыру сынды мәселелерін жүктеп қоятын жағдайлар болады. Әрине кәсіпкерлер ауқымды шараларды ұйымдастыруға көмектескені жөн. Дегенмен, дәл мұндай жағдайда емес. Өйткені жұмыс сапарымен келгендіктен, оларға іс сапардың ақысы төленеді. Сырым ауданында болғанымызда, полицейлер бір топ адамды қонақ қылғанын көрдік. Сол жердің кәсіпкерлері де оларға жеңілдік жасады. Бұжанг бөлек ауылдағы кәсіпкерлер соғым сұрайтын басшылардың да бар екенін айтты.Бұл бизнеске жүктеме, – деген Әлия Өтемісқызы қандай да бір жағдайларға куә болған жағдайда аты-жөнін атамай-ақ «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне хабарласуға болатынын жеткізді.
Айта кету керек, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Адалдық алаңы» жобасы қолға алынған болатын. Осы жоба аясында өткен жылы Батыс Қазақстан облысында «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмысын бастады.Жобаның басты миссиясы – халықтың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету.
Кеңсе Н.Назарбаев даңғылы 179 мекенжайында орналасқан.Байланыс телефоны:8 711 2 50 3307. Сондай-ақ жобалық кеңсеге фейсбук әлеуметтік желісіндегі Aqjaiyq Adaldyq Alany парақшасы немесе Adaldyq07@mail.ru эл.поштасы арқылы байланысуға болады