БҚО Полиция департаменті мен Бәйтерек ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында мал ұрлығына қатысты Бәйтерек ауданында екі факті, Бөрлі ауданында үш факті және Тасқала ауданының аумағында бір факті тіркеліп отыр. Ұрланған малдың саны 13 бас. Оның сегізі – қой, үшеуі – ірі қара, екеуі – жылқы. Осы қылмысты жасады деген күдікпен Бәйтерек, Бөрлі және Ақжайық аудандарында тұратын бірнеше азамат ұсталды. БҚО Полиция департменті баспасөз қызметінің хабарлануынша, қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері үш адамнан біріккен қылмыстық топтың жолын кесті. Олардың Жаңақала және Бөкейордасы аудандарының аумақтарында 13 мәрте мал ұрлығын жасағаны анықталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталуда.
Айта кетейік, жуырда Сырым аудандық сотының үкімімен Қаратөбе ауданының аумағында 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен сыбайластары сотталған болатын. Олар төрт жыл ішінде өздерінің қылмыстық ниетін жүзеге асыра отырып, олар Қаратөбе ауданының 40 тұрғынынан жалпы 26 жылқы мен 118 бас ірі қара малын ұрлап, 27 миллион теңгеден астам сомаға залал келтірген.
Департамент мамандарының есебіне сүйенсек, ағымдағы жылы арнайы және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында мал ұрлығымен айналысқан 87 адам және 13 қылмыстық топ ұсталған.