Жас жеткіншектермен кездесу шарасын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет БҚО бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев ашып, жемқорлық деңгейін төмендету мен сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастырудағы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің, ерте жастан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетке тәрбиелеудің маңызын атады. Осы орайда сөз алғандар дамыған ел қатарына енуде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының деңгейін төмендету негізгі міндет екенін және оған әр адамның үлесі болуы керектігін жеткізді.
– 250 жыл бұрын АҚШ президенті болған Авраам Линкольн баласын мектепке бергенде білім ұясының директорына хат жазған. Хатында баланы еңбекқорлыққа, өзгелерді сыйлауға үйретуін сұрап, «Еңбекпен тапқан 1 доллар көшеден тауып алған 5 доллардан қымбат, берекелі екенін санасына сіңіріңіз» деген екен. Бұл мысал арада екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, мәнін жоғалтқан жоқ. Адал еңбек қана бізді биікке жетелейді. Абай атамыз қара сөздерінде көптеген мәселелерді көтеріп, біздің кейбір азаматтарымыздың еріншектігі туралы айтып, өкінішін білдіреді. Шәкәрім Құдайбердіұлы адам баласына мінез-құлық қалай бітсе, тағдырына соның әсері болатынын айтқан. Бойларыңызға адамгершілік, адалдық қасиетті жиып, мінез-құлықтарыңызға үйлестіре білсеңіздер қоғамның парасатты перзенті болатындарыңызға сенемін, – деп кеңесін берді мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ҚР «Үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгісінің иегері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы БҚО филиалының профессоры Мирболат Нұртазин.
Сондай-ақ «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі басшысының орынбасары О.Насимуллин және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің БҚО бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Б.Хайруллин дәріс жүргізді.
Кездесу аясында «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызмет барысы туралы баяндалды. Осы ретте балғындар «Адалдық» ұғымы туралы өз ойларын бөлісті. Парасаттылықты қалыптастыру, адал жолмен табысқа жету мүмкіндіктері туралы сұрақтарын қойып, сала мамандарының кеңестері мен ой-пікірлерін тыңдады.
Шара соңында дәріске қатысқан жеткіншектерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектеп лагеріне қатысқанын растайтын сертификат табысталды.